21 мамыр күні елордамызда Қазақстан Республикасындағы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға өнерге адал қызмет етіп жүрген жандар жиналды.
Үздік қызметкерлерге ерекше мақтанышпен қошемет көрсетілді. Театрдың сантехник-слесарі Василий Кришковецке «Үздік маман» атағы берілді. Жоғары кәсіби біліктілігі үшін оған алғыс хат пен ақшалай сертификат табысталды.
Әр өнер ордасының бейнесін көрсететін киім үлгілерінің дефилесіне қатысқан билет тексерушілер Кристина Темарзиева мен Алтынай Текибаева өздерінің стилі, көркімен жұртшылықтың көңілін баурап алып, нағыз сахна жұлдыздарына айналды.
Концерттік бағдарлама мәдениет мекемелерінің директорлары әзірлеген тосынсыймен аяқталды — мекеме басшылары жиналған қауымға өздерінің дайындаған әсерлі әдемі әнін тарту етті.
Осы күні тағы бір салтанатты жиында біртуар актерлердің жетістіктері аталып өтті: «Құрмет» орденінің иегері Светлана Фортуна және Диас Кожантаевқа Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің атынан алғыс хаттар табысталды. Бұл олардың асқан шеберліктері мен театр өнеріне деген шексіз адалдықтарын мойындау болды.
Мәдениетті жандандырып, биіктетіп жүрген әрбір жанға браво дейміз!




