М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры 125 мерейлі маусымын ашты
3 қазан күні М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бас сахнасында елордамыздың мәдени өміріндегі айтулы оқиға орын алды - театрдың 125 мерейлі маусымының салтанатты ашылуы өтті.
Кештің премьерасы Ж.-Б. Мольердің «Мещанин во дворянстве» атты танымал шығармасының желісімен қойылған «Господин Журден — пустота в бархате» комедиясы болды. Жаңа қойылымнан көрермендер адамның бойындағы даңққұмарлық, қиялға берілу және өзгелерден құрмет күту сияқты мінез-құлықтар туралы мысқылды, бірақ терең толғау көрді.
Мерекелік бағдарламаның ерекше бөлігі Сергей Есениннің 130 жылдығына орайластырылды. Театр фойесінде ақынның үздік өлеңдерін труппа актерлері оқыса, көрермендер де өздерінің сүйікті өлеңдерін сахнаға шығып оқу мүмкіндігіне ие болып, әртістермен бірге жанды поэзия күйін бөлісті.
125 маусым бойы М.Горький атындағы театр классикалық сахна дәстүрлерін мәпелеп сақтай отырып, жаңа шығармашылық белестерді де ашып, Астананың мәдени өміріндегі маңызды орталық болып қалып отыр.
Театрдың директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айболат Жаудыр:
«Мерейлі маусым — бұл театр өміріндегі ерекше кезең және көрермендер алдындағы зор жауапкершілік. Біз оны комедия, пәлсапа және классикаға деген заманауи көзқарасты біріктірген премьерамен ашқалы жатырмыз».
Мерейлі кештің қонақтары үшін театрдың жаңа 125 мерейлі маусымының бастамасы болған мерекелік көңіл-күй, шығармашылық тосынсыйлар мен ұнамды сый-сыяпаттар тартылды.








